Балама жолдама хат


Туған үйден бірінші рет алысқа кетіп бара жатқан балаға жолдама өсиет ретінде

 

Ақшалы, қаражатты ата-анасы бар

 адамдардың оқымауына да болады

Балама жолдама хат

Міне сен де студенттік өмірдің есігін ашып жатырсың. Аманшылық болса, бұл белестен де өтерсің. Мен ешқшан саған «мораль» оқып, ми шірітетін әңгіме айтпаған едім, бірақ үйден алыс бірінші рет кетіп бара жатқаныңды ескере отырып, осы хатымды жазғалы отырмын.

Жазып жатқан себебім, мен өзім көрген қиыншылық пен бейнеттен сақтау әкелік әрекетім болу керек. Ол жағын өзің де түсінетін уақытың келген шығар. Сонымен,

 «Общага»

Білмеймін, қазіргі заман өзгерісіне байланысты мүмкін басқаша болар, бірақ біздің кезімізде «Общага» - біздің сабаққа дайындалатын орнымыз да, жатып ұйықтайтын дем алыс орнымыз да, қысқасын айтқанда, үйіміз болған жер. Бұл сонымен қатар, адамның характерінің шынығуына көмектесетін, досыңды да, қасыңды да танытатын жер. Осы жердегі досың - өмірлік досың болуы да ықтимал.

Жақсы жағы: бүкіл оқу орнының соңғы жаңалықтарын біліп отырасың, сабаққа дайындықты бірге жасағаннан адамдар бір біріне жақындай түседі, достық сезім арта түседі, жаңа кісілермен танысасың.

Жаман жағы: Общаганың ішінде тек сенімен қатар, яғни, I курс адамдары ғана жатпайды, II, III, IV және V курстың студенттері жатады. Осыдан шығатын нәтиже: әлімжеттік жасау («дедовщина») шығады. Осындай және тағы басқа себептер (оның ішінде - өз жалқаулығың да бар) әсер ететін жағдайлар сабаққа кедергі болуы мүмкін.

Бұл жерде адамның ана жабайы маймыл кезінен келе жатқан бір жаман қасиеті жайлы бір ауыз сөз айтайын. Ол, жоғарыда айтылып кеткен - «дедовщина». Кейбір адамдардың сана сезімі сол маймылдан кем емес-ау деген ой тудырады. Өзінен   әлсіздеу, жуас, т.б. қасиеті бар адамдарға Африка саваннасындағы гиена (мен ондай кісілерді «шакал» деймін) сияқты бас салып, соның қанын сорып, өмірінің жағдайын әжептәуір қиындатады. Сол қорлыққа шыдап жүрген ана «қара қасқаны» да жұрт өз обалы өзіне деп жүре береді.

Арақ

Бұл жайлы талай естіп те жүрсің, көріп те жүрсің. Ол ол ма, сенің жандай көретін жолдасыңның өзі арақ ішсе «хайуан» болып кетіп жүргенін әлі де көрерсің. Сонда адамдар екі жүзді болатынына көзің жетеді. Мен бірінші рет ондай жағдаймен кездескенде көпке дейін, бірталай ой үстінде жүрдім. («Сонда қалай: арақ ішкен кезде ол - шын ОЛ ма, әлде сау кезінде ол - шын ОЛ ма? Қай сөзіне сенеміз: мас кезінде ішін ақтарып отыр ма, әлде сау кезінде шынын айтып отыр ма?»). Тағы да айтар нәрсе: сау адам мас адамды түсінбесе, дәл солай мас адам сау адамды түсінбейді. Қысқасы: арақ  адамның түпкі «натурасын» көрсетеді. Кейбіреуін маужыратып ұйықтатса, кебіреуінің «хайуан» сезімін оятады. Менің тұжырымым: арақ деген пәледен аулақ жүр.

Ал егер басқа амал болмай сондай адамдардың арасына түссең - қамығудың керегі жоқ. Олардан бір адым болса да ілгері жүру әрекетін жасап, алдын ала болжамдап, жаманға жасық - жақсыға асық боп (олардың ішінде де достарың болуы мүмкін) жүре беру керек. Бұл да, жоғарыда айтылғандай, сенің характеріңнің шынығуына пайдалы.

Темекі

Темекінің адамға зиян екендігін жұрттың бәрі біледі. Соған үйренбей-ақ жүрсең болғаны. Бос уақыт алу, бос шығындану, бос бас айналдыру, таға да басқа «бостардың» бәрі осы темекіден. Ол, менің ойымша, - ауру. Себебі, бүкіл бұрын болмаған ауруларды өзіне тартып жинайтын сияқты. Нанбасаң қара, өмірі астма болмаған адамның тынысы тарылып, астматик аталып жүр, өмірі жүрегім демейтін адамың сердечник болып жүр, ас талғамай өмір бойы қарнын қампитып жүрген адам язвенник болып жүр, тоғызыншы этажға жүгіріп мініп түсіп жүрген адамың екі этаж шығар-шықпас ентігіп, азар демалып жүр. Мұның бәрі неден? Менің ойымша - темекіден.

Нашақорлық

Соңғы кезде нашақорлық деген пәлекет пайда болды. Біздің студент кезімізде ондайды кездеспеген затымыз. Әрине құлақ барда естімедік деуге болмайды. Бірақ, менің айналамда бұл пәледен аулақ едік. Сонда да - жаман айтпай жақсы жоқ деген.

Менің білетінімнің біріншісі - анаша. Ол мыны далада өсетін шөптен кептіріліп, темекіге араластырып шылым тартқандай шегетін зат. Эффект - бір-екі кружка «Балтика-9» ішкендей болсың. Арты жаман - тартады да тұрады. Айырылу өте қиын. Үйреніп кеткен организм жай өз басымен қоя алмайды.

Келесі менің білуім - кокаин. Мұны «кока» өсімдігінің шырынан алады екен. Ерітіп шприцпен тамырға салады. Тамырға салғасын ол сол сәтте жүрекке барады да, ар қарай миға жеткізеді. Эффект - бір шама минуттан бірнеше сағатқа  дейін есіңнен айрылтады. Дүние түсіңде көргендей әдемі, әсем болып, жаныңа ләззат береді. Артынан шамасы төмендеген сайын дүниең бұзылып, жан жағыңа жау басып, арсылдаған ит боласың да қала бересің. Организмді өзіне шапшаң үйретеді де жібермейді. Осы «кайфқа» қайтып оралу үшін тағы одан да үлкен дозаны қалайсың. Күндердің күнінде дозасының шамасын білмей қалып, өліп кетесің.

Бұдан кейінгі пәлең - героин. Бұл енді наркотиктердің ішіндегі «ақсүйегі». Порошок (ұнтақ) ретінде пайдаланады. Оны мына батыс киноларынан көріп жүрген боларсың - айнаның үстіне жайып жіберіп, мұрынына түтік жасап, иіскейтін пәле. Эффект - басыңа «кайф», жаныңа жай табасың. Бұл наркотик өте қымбат болғандықтан оны табу да қиын. Табылғанның өзінде күнде-күнде иіскеуің үшін қарайған шексіз қаражатың болу керек. Үйренсең - айрыла алмайсың.

Бұл наркотиктердің бәрі үлкен қаражат қажет ететінін ұмытпағай. Оны студент қайдан алады? Әрине өзің сияқты кіші, әлі келетін студенттерден тартып алады. Қысқасы - рэкетпен айналысады. Одан кейін ұрлыққа түседі, ал «ұрлық түбі қорлық» екені өзіңе де белгілі деп ойлаймын.

Өзің күнде теледидардан көріп жүрсің ғой: «Центр реабилитации» дейді, «Клиника Маршака» дейді, балгерлер, емшілер, атағы әлемге әйгілі профессорлар, врачтар, т.б.-лар көмектесеміз дегендерді. Енді айтшы, осының бәрі ана пәленің пайдасынан ба екен, әлде қалай?

Төбелес:

Төбелес неден шықты деген сұрақ үлкен кісілердің кішкентай балаларға қоятын сұрағы сияқты. Бірақ шын мәніне келсек, еркек адам болғасын өмірде талай жағдай болады.

Қыз үшін төбелес... Керегі шамалы, бірақ өз намысыңды сақтап қалу үшін керекті төбелес.

Мастық төбелес... Құдайға керек емес нәрсе, бірақ сау болсаң қатты тиіп, мас болсаң есте қалмайтын төбелес.

Достық төбелес... Достық сезім - қызық сезім ғой. Басқа біреуден дәл сол сөзді естісең мыңқ етпес едің-ау, бірақ мына досыңның мына сөзіне шыдай алмай қалып, салып жіберіп, арты едәуір жерге апарып тастайтын төбелес.

Жекпе-жек төбелес... Ең әділ төбелес. Әрине арты тек жеңумен аяқталса ғана бұл әділ төбелес. Қазір (заманыңа болайын!) бұл төбелестің мәні өзгеріп бір-бірін өлтіріп жатса да білмеймін. Бірақ, мен жандай досымды (әлі күнге дейін жан ұйямызбен араласамыз) дәл осындай жекпе-жекте «тауып» алдым.

Идея үшін төбелес... Өте қауыпты, бірақ әділеттік қорғау төбелес. Мұндай төбелеске апаратын - қазіргі заманға сай сан жетпес секта, ұйым тағы да небір пәлекеттердің үкіметке қарсы (немесе бір белсенді қоғам адамына, ұйымына қарсы) шығып, полиция, охрана, т.б.-мен, шын мәнісіне келсек - құдайға да, шайтанға да керек емес төбелес.

Ал қазіргі жастардың төбелесінен мен өзім қорқамын. Арты өлімге дейін апаратын, бір біріне пышақ сұғып, керек десең тапанша шығарып атысып, аяушылық, адамшылық дегеннен жұрдай, ешбір, қазағың былай тұрсын, адам деген пендеге жан ашырлық сезім қозғамайтын, ата-ананы сорлатып, көз жасына шомылдырып, арты - тірісін түрмеге, өлісін молаға апаратын, қанға қан - жанға жан салатын, істеген әрекетінде үлкен адам-ау, кішкентай-ау деп талғамайтын жабайы төбелес. Осындайдан Құдай сақтасын!!!

Вахаббит, Иегово және т.б. секта-мекталар

Алматы - үлкен қала. Үлкен қаланың іші қарайған адам. Қарайған адамың қарайған ағымдағы сенімшілдік діндері бар. Сенің өзіңмен қоса жаныңды алғысы келетіндері қаншама. Қалай дегенмен оларға еру-ермеуің тек өзіңнің өміріңнің қожайыны екендігіңе, мемлекетіңнің шынайы азаматы екеніңдігіңе, ата-анаңның ардақты баласы екеніңдігіңе, ақыл-есі дұрыс адам екендігіңе байланысты. Бастың іші бос болса, ондай ағымдарға еріп кетуің ықтимал болады да тұрады.

Бас айналдыру деген не? Мысалы, вахаббизм - мұсылмандық дін ағымына жатады. Ол жайлы біз ештеңе білмейміз. Бүкіл БАЭ (Біріккен Араб Эмираттары) вахаббизм ықпалында. Бірақ, қазаққа жат, ерсі ағым. Қай қазақ қыз, әйел беттерін жауып жүрген, қашан? Өмірі болмаған нәрсе ол. Сонда да оның ықпалы қазаққа тиіп отыр. Бұл, вахаббизмнің күштілігінен деп ойлайсың ба? Жоқ, бұл жастардың бастарының іші бос қалғандығынан. Біздің кезімізде октябрят, пионер, комсомол деген коммунистік ағымдар жастардың бастарын бос қалдырмайтын. Қазір ондай жоқ, бас «пустая бочка» болып қалды. Оны вахабит, иегово, кришнаит, т.т.б-лар толтыруға дайын тұр. Осындай пәлекеттен алшақ жүр, балам.

Қыздар

Әрине, еркек болғасын қыздарға қарама деп қалай айтасың. Кім біліпті, мүмкін шынымен-ақ өміріңде кездескен жалғыз мөлдір махаббатың осы қыз шығар. Бірақ сабырлық керек дегенді айтайын. Тәттінің тәтті екенін дәмін татып білесің дегендей, бір кездескен қызың сенің өмірлік тағдырың екеніне көз жеткізіп қана білерсің. Бұл - өмірлік жағдай, сондықтан бұл мәселені талқылайық.

1-жағдай: Сен студентсің, бай емессің, ата-анаң... өзің білесің. Ал кездестің. Ойбай, үйленемін. Үйленбесем, айрылып қаламын. Хорошо. Жұртты дүдіктіріп, той жасадық. Келін қасыңда. Проблема - үй-пана. Проблема - келін жүкті болды. Проблема - кішкентай болдың, ол ауырады. Проблема - оқу жайына қалды. Проблема - ақша жетіспегендіктен заочныйға ауыстың. Проблема - жұмыс жоқ. Проблема, проблема, проблема, толып кетті, «жить не хочу»; «давай, айырылысайық» және т.б.

2-жағдай: Сен студентсің. Ал кездестің - мінезі жаман екен. Ал кездестің - беті ұнамайды. Ал кездестің - фигурасы ұнамайды. Ал кездестің - подружкасы бұдан да әдемі ма қалай? и.т.д. и т.п. Ананың анасы ұнамайды, мынаның мұнасы ұнамайды деп, секіріп-секіріп жалғыз кете бересің.

3-жағдай: Жаман айтпай - жақсы жоқ деген, соңыра: «Ойбай, қыз екіқабат боп қапты, енді қайттік», - дегеннен сақтан. Бізді де сақтай жүр!

Ал, ең ақылды варианты мынау деп ойлаймын: Оқу бітіріп, мамандығыңда ас болып алып, жұмыстың жаныңа жағатын жағын тауып алып, қаражат үшін ешкімге бас имейтін, жайбарақат өмір ырғағына түсіп алғасын, бас панаңды, өзіңе керекті нәрселерге қолың жететіндей дәрежеге жеткесін ғана үй, жанұя дегендерге көшу керек сияқты. Әрине, қазақтың «Ойбай, немере көрмейміз бе? Қашан? Келін алып, қолымыз ұзара ма десек...» дегені тағы бар ғой, оны да ұмытпағаның жөн. Сонда да, маған осы вариант жағымдырақ. Қалай ойлайсың?

Достар

Дос болған адамыңнан не қалайсың, өзің де сол адамға сондай істей алатындай бол. Дос болу оңай зат емес. Дос дегенің сол үшін жаныңды бере алатын адам болуы тиіс. Досың сенің көңіл-күйіңді қабағыңа қарап, көзіңе қарап сөзсіз түсінеді. Жаманыңды жасырып, жақсыңды асырып отырады.

Бұл жерде саған айта кетер әңгімем бар. Өмір бойы жан досым деп жүрген адамың сені қиыншылық кезде сатып кетсе, ондай достан айырылуың керек. Түбі бір тақырға отырғызып кететін сатқын достардан абай бол.

Сенің дегеніңді істеп, сенің қасыңнан кетпей, күлсең күліп, жыласаң жылап, таскенеше жабысып қалатын подхалим достардан абай бол.

Өзінің іші бос «бөшкі» де, артында жүз жылдық тәжірибесі бар адамдай сөйлейтін, ананы бүйт, мынаны сүйт деп отыратын жұмсағыш  достардан абай бол.

Қысқасы, достың да досы болады деген осы.

Қаражат

Ата-анаңның ақшаны жерден қазып алып жатпағаны есіңде болсын. Қай жерде жүрсең де экономия (экономика емес) жайлы ойлап жүргенің жөн. Әрине, шашылып қалатын жағдайлар да кездесіп қалады. Қаражатың жетіп, қиналмай жүргеніңді ата-анаң да қалайды. Киім керек дейсің, тамақ керек дейсің, туған күні, тағы-тағылары бар  дейсің. Осының бәріне қаражат жеткізіп отыру біздің міндет. Бірақ, сол ақшаны қалай алып, қалай жұмсаудың әрекетін ойлау - сенің міндетің. Оны соңыра өзің ақша таба бастағанда түсінерсің.

Қысқасы, мен саған кезінде айтқанмын: мектеп бітірдің бе - ешкімнің сенімен шаруасы жоқ. Өз жолыңды өзің табасың. Және де өтіп бара жатқан поездан қалып қоюға да болмайды. Қалып қойдың ба, оны қуып жету өте қиын әрекет. Соны есіңде сақта.

P.S. Қай жерде жүрсең де, өзіңнің кім екеніңді, кімнің баласы екеніңді, атағы бүкіл Маңғыстауға белгілі атаң мен әжеңнің атағына сәйкес болып жүр. Саған деген біздің сеніміміз де, үмітіміз де көп екенін ұмытпа. Өмірдің қиыншылықтарын ар-иманыңды жоғалтпай, «Алғыр» атыңа сәйкес, қайғы-қасыретсіз өте жүр.

Тағы бір айта кететін жай: ана Алматы мен Астанадағы туыс-тумаластардың саған, қазақтай, «Ойбай, баламыз келе жатыр, оқуға түсіруге көмектесейік» дейтіні жоқ, қарағым. Сондықтан өз басың, өз біліміңмен, мына шырылдап жүрген мамаңның, саған үміт артып отырған әкеңнің тәрбиесі ғана жол табарлық болады. Соны есіңде сақта. Бақытты бол!

Басқан адымың құтты болсын деген тілекпен

сенің әкең


Автор Комментарий