Теңізде туғандар


… “ - Бiз теңiзде тудық, сондықтан теңiздiң әр мiнез құлқын бiлемiз. Талай рет қараңғы түннiң қойнауында , теңiздiң кенеттен аласұрған сәтiнде, асау толқынмен күресуге тура келген уақыттарымызда болды. Бiрақ сонда да, мен теңiзге ешқашан ренжiмедiм. Адам өз анасына қалай ренжи алады?!”

Бұл сөздердi айтып отырған қарт, бiр мезет көзiн көк жиекте қалықтап, тып-тыныш жатқан теңiзде, еркелеп жүзіп бара жатқан ақ желкенге тiгiп үнсiз қалды.


Сосын маған қайта қарап күлiмсiредi:
- Сенiң бұл теңiз жағалауларында жүргенiңе қанша болды?
- Бес жыл.
- Иа,бiрақ сенде ертең бұл жерден кетесiң қалай қиып кетесiң, әлде әлi бауыр басып үлгермедiң бе теңiзге?
- Жоқ керiсiнше менi де ең көп толғандырып жүрген жайт осы,теңiзбен қоштасар сәтiм.Бәлкiм кейiн қайта оралармын..
- Кетпей-ақ қой
- Қала алмайтын сияқтымын, себебi өз шаңырағымнан алыстарда жүргенiме жетi жыл болыпты. Денемнiң әр бiр бөлшегiндегi отан сағынышым маған ешбiр жерде тыным бермейтiн шығар.Бiрақ бiр күн, мауқым басылғанда, бұл теңiзге деген сағыныш оянып ақылымды осында жетелейтiн болар.
- Дұрыс қой, туған жердiң сағынышы өмiрiңдегi басқа ешқандай сезiмге сай келмес. Мен қазiр келемiн - деп қарт орнынан тұрып бiз отырған үлкен яхтаның iшiне жөнелдi.


Бұл қарт Туркияның жерорта теңiзi жағалауында туристердiң қыдыруына арналған коммерциялық отыз метр ұзындығындағы яхтаның капитаны. Кемесінің оң жақ тұмсық тұсына жақын, «Мэлтем» жазуын көруге болады. Кемелерге қыздың атын қоятын дәстүр. «Мэлтем» түрік қызының есімі. Жаз күндері теңізден ескен самал желді «мэлтем» деп атайды.


Анда-санда қонаққа келiп, өмiрi теңiздегi басынан өткен оқиғаларға толы осы бiр әңгiмешiл қартпен ұзақ отырып бiр шайын iшiп қайтатынмын.


Күн ұясына батып баяу баяу қараңғы түсе бастады.Айналамыз бiр мезет қараңғы түннiң қойнауына ендi.Дәл осы мезеттi әрдайым асыға куттiм. Себебi қараңғыда сонау бiр жерде, теңiздiң көк жиегiнен ай туады. Қып-қызыл шоқтай дөңгелек ай, теңiз суынан шығып келе жатқандай, баяу ғана еркелеп, көтерiле бастайды. Едәуiр көтерiлiп алған соң, бар сәулесiн аямай-ақ төге түседi қараңғы түннiң құшағындағы теңiзге.


Ай сәулсесi осы мезет, жағада тұрған бiреу үшiн, теңiз көк-жиегiмен, жаға арасын бiр-бiрiне қосу үшiн төселiнген жiңiшке ақ шүперекке ұқсайды.


Мен “теңiзде тудым” деп айта аламасамда, бiр теңiзге ғашық жандардың бiрiмiн.Теңiздiң әр-бiр сәтiн, бар мiнез-құлқын сүйемiн.


Өз ойыммен көп отыра алмадым, қолында екi стакан шайын ұстап, қарт келiп отырды қасыма. Еш тiс жармастан қалтасынан шылым алып тұтатты.

- А, айтпақшы, сiз неге бұл теңiзге “Ақ Теңiз” деп ат қойдыңыз? – деп қайта бастадым сөзге.

Бұл сұрақты естiгенде қарт бiраз кiдiрiп қалды.Бұндай сұрақты алғашқы рет мен сұрап тұрғандай болып көрiндiм, бәлкiм де солай болар. Қартта сұрағыма сұрақпен жауап бердi.


- Сiз не дейсiз бұл теңiзге?
- Жер орта теңiзi.
- Сiздер бұл теңiздi танымайсыз,сондықтан картаға қарап жердiң ортасы болған соң солай атаған боларсыз - деп күлдi, бiраз үнсiздiктен соң маған қайта қарады:
- Сен теңiзде таң атқанын көрдiң ба?
- Жоқ..
- Егер бiр күн мүмкiндiгiң болса таңға дейiн жағалауда отырып, сол бiр сәттi күт, сол кезде сенде бұл теңiзге “Ақ Теңiз” деп атайтын боласың.


Қарт қайтадан кiдiрiп қалды, сосын сөзiн қайта жалғастырды:


- Негiзi ол сәтте көзбен көргендi сөзбен жеткiзе алмайсың.Бұл жерде күн теңiз жақтан туады, күн ұясынан шығып келе жатқанда , сәулесi теңiз суының бетiн көмiп жiбередi, сол мезет теңiз бетi күн сәулесiмен бiрге аппақ сүттей бiр түске боялады, аталарымыз сондықтан да бұған “Ақ Теңiз” деген.


Мен осы сөздердi естiгенiмде-ақ тағатсыздана бастадым, тезiрек түннiң сағаттары өтсе екен деп асыға түстiм, ғашығымның менен сақталынған тағы бiр сырын тапқандай болдым. Ендi сол таңда күннiң тууын iлезде көргiм келдi. Қартта менiң бұл жағдайымды түсiнсе керек.
- Бүгiн осында қал - дедi, менiң қатты қуана қабылдауыма, күлiмсiрей қарады.

Сосын жүзi қайта ойлы пiшiн алды.Теңiздегi ай сәулесiне қарап отырып маған қарамастан тiл қатты:


- Иа мен, өмiрге көзiмдi ашқанымда теңiздi көрдiм, өмiрiмнiң соңғы демiнде де , бұл өмiрге мәңгiлiк көзiмдi жұмғанымда , ең соңғы рет теңiздi көремiн..


Әлсiн әлсiн жағаға келiп жығылып жатқан толқынның дауысы ғана тыныштықты бұзып тұр. Сол бiр тыныштықта қарттың күрсiнгенiн естiдiм.


Ол да , теңiзбен бiр күн қоштасар сәттiң келерiне көнгiсi келмегендей…


Қартқа қарап мен де күрсiндiм, себебi оқу мақсатымен келген Туркияның теңiздерiмен қошатасар кезiм тақап қалды. Мен өмiрге көзiмдi ашқанымда теңiз емес қыр даланы көрдiм, соңғы демiмде де, ең соңғы рет сол қыр даланы көретiн шығармын…


Сау бол Ақ Теңiз.. Сау бол тiлсiз, сұлу теңiз….


Автор Комментарий
Аватар пользователя Benjamin.
Сообщений: 4
С нами c 2007-12-25

Құдай қаласа қарт Хазарға да жетерміз..Әлі жолымыз түспеді ол жаққа..Маңғыстаудың табиғатының сұлулығына еш шүбә жоқ қой..

Бір күндері ол жерлерге жол түсер..Қарттармен сөйлесуге де мүмкіндігіміз болар..

 
Аватар пользователя мара.
Сообщений: 17
С нами c 2008-11-28

Түркияның Ақ теңізін тамашалап мадақтағанша, мына өзіміздің кәрі Каспиімізді неге мақтамайсыз. Біздің ауылдың қарттары да Сізге біршама әңгіме айтып берер еді. Бұл теңіз туралы аңыздарымыз бен қарттардың еске салатын шыншыл әңгімелері көп. Келіңіз Маңғыстауға. Сол Теңіз жағасындағы қарттармен сұқбақтасып көріңізші.

Ал Сіздің айтқан теңіз жағасында түнеп, таңның атқанын көрсеңіз! Ондай тамаша картиналарды тек ұлы суретшілер ғана салып жеткізе алар.