Қазақ мәселесі

Әділ Тойғанбаев
Жас Алаш, 10.04.2007, №29 (15174)

Әділ ТойғанбаевҚазақстанның әр жерінде бұрқ етіп қалып жатқан кішігірім ұлтаралық қақтығыстар - әдеттен тыс оқиғалар емес, мемлекеттілік қолданыс моделіндегі босаңсудың салдары. Ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық пікір тұрақтылығын сақтау жағынан алып қарағанда, нақты фактілерді жасырып қалу дұрыс та шығар. Ерте ме, кеш пе бәрібір аян болатын жайттарды тізбелегенше, өзгені қозғаған абзал. Бұл кәдімгі қылмыстық хроника сияқты болып шығар еді, оны сөз еткенде «мұны істеген кім?», «жергілікті жерлердегі жемқорлықтың кінәсі» деген сияқты мардымсыз әңгіменің төңірегінде шиырлап қаларымыз анық.

Мұның бәрі маңызды болғанымен, бірінші кезектегі мәселе емес. Мәселенің саяси қыры Қазақстандағы ұлтаралық тепе-теңдіктің қаншалық баянды болып тұрғандығында. «Не себепті бұлай болды?» және «Болашақта мұны болдырмау үшін не істеу керек?» деген нақты екі сұрақ төңірегінде ойлану қажет.

Қоғам мен өкімет ұлтаралық қатынас тақырыбы төңірегінде ашық әңгімеге дайын емес. Кеңес заманынан бері бұл тақырыпты әлдебір қолайсыз, ыңғайсыз ұғым ретінде айналып өту әдет боп қалған. Тіпті, «бұл тақырыпты ауызға алудың өзі ұлтаралық араздыққа итермелейді» деген бір тайыз түсінік бар.

Жаңсақ берілген дәрінің кесірінен ағзаны меңдеген ауыр дерт үдей беретіні секілді бұл мәселені жасырып-жаба бергеннен ол, шешімін табу былай тұрсын, одан сайын ушыға бермек. Шын мәнінде көпшілік орайсыз көріп, қабылдамайтын талай мәселе «саяси әдептілік» деген жасанды ұғымның қалтарысында қалып барады.

Заң не үшін керек? Онда қамтылмай қалған тұстарға халық бас қатырып ойланып отыру үшін емес, керісінше біздің өмірімізді жеңілдету үшін керек. Қала берді, осы көп «кетік» мемлекеттік құрылыстың іргесіне бомба болып қойылып, қосылар сәтін күтіп жатқан сияқты. Дәуір, ұрпақ, діл ауысып жатқан кезеңде заңдарды өзгерту оңайырақ, десек те, олар тарихтың дәл сол кезеңінде өмір сүріп жатқан буынға тән ережелерге мағынасын сан-саққа жүгіртіп, шатастырмайтындай толық сәйкес келуі қажет.

Әдетте, біздегі заңдардың барлығы ең кірпияз тақырып - ұлтаралық қатынас мәселесін айналып өтіп жатады. Бұдан ұлт мәселесі еш жойылып кетпейді, керісінше, одан сайын ушыға түседі.

Саяси өмір ақсүйектер тіршілігінің жай ғана күнтізбесіне айналып, сараптамалық жұмыс «ана кадр мұнда ауысады екен» дегенге саятын сәуегейліктен әрі аспай тұрғанда Қазақстан мемлекеттілігінің тұла бойын созылмалы ұлтаралық жанжал дерті меңдеп алды. Бұл ұлтаралық дүрдараздық әлеуметтік мәселемен ұштасып, «бай» мен «кедейге» бөліну сияқты жаңа бір өлшеммен толықты. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар көбейіп барады.

Кикілжіңдердің себептері осылай бір жерде тоқайласқан жағдайда кез келген мемлекеттің ішкі саясатына үлкен қауіп төнеді. Мұны болжап білу үшін асқан көрегендіктің қажеті жоқ. Махаббат туралы аңыз болсын, атыс-шабыс триллер болсын, теледидардан жылт еткен түрлі сюжеттердің барлығынан саясат іздеуге дағдыланып қалған қоғам ең басты мәселені назардан тыс қалдырды. Басқаша айтсақ, Қазақстандағы саясат пен қоғамдық пікір төңірегіндегі ауыс-түйістер жеке тұлғаларға шектен тыс «байланып» қалған.

Неге жеттік? Жөн-жосығы жоқ кикілжіңдерге тап болдық. Бұл нені көрсетті? Тым қарабайыр не түрпайы болсын, тіпті олар туралы жақ ашпауға ұйғарсақ та кез келген идеяны өмірден сызып тастау мүмкін емес. Ал ерте ме, кеш пе бәрібір идеяны жеткізуші табылады.

Биліктің, оппозиция мен азаматтық қоғамның үнсіздігінің кесірінен осы тақылеттес кикілжіңдердің төңірегінде «үнсіз шегіншектеу» белдеуі қалыптасып келеді. Мемлекеттің өзі бейтарап аймақтан артқа ығысып барады. Мемлекеттен босаған дәл осы белдеуді бақылаусыз бұлқынған топ толтыруда. Бұл - іс жүзінде мемлекеттің өз азаматтарының мүдделері мен өмірін қорғайды-ау дегенге мүлде сенуден қалған агрессивті анархия.

Кездейсоқ қарсылық шараларының ауқымы кеңейіп, шапшаңдығы артуда. Тез арада жиналып, бүлікшінің «сазайын тартқызуға» уақыт та аз қалатын болды. Сөйтіп, жер-жерде мемлекеттің назарынан тыс қалған топтар күшейіп барады. Мұндай күштер ұлтаралық дүрдараздықты қоздыру мақсатында құрылып жатқан болса, олар кейінірек басқа мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін. Мәселен мүлікті бөлісу немесе саяси күрес саласында. Мұндай қарқынды күштер беделі мен ұйымдасуы жағынан жергілікті билік пен жергілікті күш органдарынан басым түссе, оларды қолдайтындар да, қаржыландыратындар да көбеюі мүмкін. Демек, олар қаншалық қажет болса, әрі қаншалық қаржыландырылса, оны әлдекімдер соншалық өз мақсаттарына пайдаланады.

Қатер төнгенін сезінген халықтың өз ішінде ұйысуы - маңызды тақырып, бірақ ең негізгі мәселе емес. Оның қасында іргелі мәселе - өз елінде өгейдің күйін кешіп отырған елдің жайы.

Көпұлттылық біздің әлеуетімізді арттырып, елді дамытуға сеп болып отыр. Дегенмен, оның да теріс жағы бар. Көпұлттылық бізді қаншалық күшейтсе, екінші жағынан соншалық әлсіретеді. Дәл осы көпұлттылықтың кесірінен күндердің бір күнінде қазақ Қазақстанда тұрғанмен, шетелде өмір сүріп жатқандай күй кешуі мүмкін. Тіпті өзін қонақ емес, әлдебір қаңғыбас ретінде сезінуі ықтимал.

Біздің елде қалыптасқан көпұлттылық көбіне репрессиялық жолмен пайда болған. Ол науқан шұғыл түрде жүргізілді, жаңа қазақстандықтарды бұл елге бейімдеудің, сіңістірудің ешқандай механизмі жасалған жоқ. Бұл қарапайым ғана еске салу. Өткенді өзгерту мүмкін емес. Қазір бары - осы. Десе де, оның табиғатын түсіну өте маңызды.

Қазақстанға келгендердің көбі мұндай жаңа отанда ғұмыр кешсем деп армандаған да емес. Мұнда келгенде олар тіпті бұл елдің атауын да білген жоқ. Бұл сезім көшіп келуге мәжбүр болғандардың ұрпақтарына да берілгені рас. Мұндай жолмен күштеп таңылған отанды сүйіп, түсіну оңай емес. Осының бәрін естен шығармаған жөн. Шеттен келгендердің ұрпақтарын өздерін қиялдағы түсініксіз бір елдің азаматы ретінде сезінуіне қарап емес, Қазақстандағы өмірге бейімделуіне қарап бағалаған дұрыс. Осы топтағы Қазақстан азаматтарының көпшілігі азаматтықтан бас тартып, тарихи отандарына - Ресейге, Германияға, Израильге әлдеқашан көшіп кеткен. Қалғандарының біразы мүлде басқа ұстанымға көшті: Қазақстанды өздерінің қасиетті Отаны деп құрметтеудің орнына, мұндағы қалыптасқан ережелерге мойынсұнбай тірлік кешіп жүр. Бір жағынан тарихи отандарына қайтуға да асықпайды, себебі ол елдерде не өмір сүру деңгейі төмен, тағылық жайлаған немесе ұлттық, тектік, діни ерекшеліктеріне байланысты қудалау етек жайған.

Олардың көпшілігінің психологиялық тұрғыдан бөтен сезінуінің бұрыннан келе жатқан объективті себептері бар. Алайда, этникалық топтардың әлеуметке жат әрекеттерінің барлығын осы себептерге сілтей салып отыра беру - қоғамға тигізер зардабы көп саяси сыпайылықтан өзге ештеңе емес.

Біз өзгелердің мәселесін түсінуге дағдылануымыз керек. Алайда, ол мәселелер біздің мәселемізге айналмауы қажет.

Ұлтымыз тізе бүгуге жақындады. Мұның айқын айғақтары бар. Кландық қолдауға ие, өзара көмекке кенелген аз ұлттармен салыстырғанда, саны көп халықтың ұтылатын жері де көп. Аман қалуға жанталасатындар жай беймарал ғұмыр кешіп жатқандарға қарағанда күштірек келеді. Таңдау мүмкіндігі жоқ болғандықтан, кез келген ұлт бәсекеге қабілеттірек.

Бір жағынан, қазақтардың да таңдау мүмкіндігі жоқ. Өз елінде (елдің атауына қарап айтсақ) олардың көрген күні «аспаннан салбырап түскен» халықтардың жағдайынан жақсы деп айта алмайсың. Қазір біз бәріміз осы жердің робинзонымыз. Алайда, қазақтар өз тағдырына селқос болғандықтан, өзгенің жетістігіне қол қусырып қарап отырудан әріге аса алмайды.

Қазақстандағы басқа халықтардың барлығы қазаққа жау дегіміз келіп отырған жоқ. Олай емес. Іс жүзінде, жұрт әманда ұлттық мәселеге мән бермей, өз тұрмыс-тіршілігімен әуре болып жүреді. Біздің айтқымыз келгені - ұлттық кландар шашыранды, дүрдараз ұлтқа қарағанда көп жетістікке жетеді. Біз шабандап, олар шапшаң желіп келеді. Ал бұл қазаққа қарсы мақсаттағы желіс емес, кландардың қарапайым өмір шындығы.

Бұл - тек Қазақстан халқының басындағы мәселе емес. Десе де, басқа көпұлтты мемлекеттердің құрылысы мүлде басқаша болып келетінін де мойындаған жөн. Мәселен, АҚШ-та әу бастан-ақ мигрантты «американдыққа» айналдыру үрдісі қалыптасқан. Оны жергілікті халықтың дәстүріне мойынсұнуға мәжбүрлейтін «американдық арман» деген тәтті де шынайы ұғым бар. Онымен қоймай, су жаңа американдық отанына жан-тәнімен берілгенін тамсана айтады және мақтана жариялап жүреді. Бұған қоса жаңа келіп қосылған кез келген адамды таза американдыққа айналдырып жіберетін күшті мәдени құрал тағы бар.

Біздің елде бұл құндылықтардың бәрі құрдымға кеткен. Қазақ мәдениеті басқаларды америкалық мәдениет құсап қызықтырып, менмұндалап тұрған жоқ. Жалпы, бізге ұсынылған мәдениет - «ас ішіп, аяқ босату» мәдениеті. Оның өзі сырттан көшірілген.

Бұл - елді құрдымға кетіретін жол. Біз жан-жағымыздағының барлығына кеңпейілділікпен, төзімділікпен қарауды тоқтатпасақ, солай болары да хақ. Ұлттың болашақ бағдары тек ескі ұғымдарға ғана телміріп, соны бұлжытпай сақтауда емес. Мойындағы қамытты шешу керек. Өткен - өтті, біз - болашақты жасаушымыз. Тарихқа тесіле қарап, оқулықтарды қайта жаза бергеннен гөрі, бүгінгі тарихты өз қолымызбен жасау қызықтырақ.

Бізге жиырма бірінші ғасырдың қазақ мәдениеті керек. Ол тек қазақтарға, соның ішінде «төл мәдениетіміз ғой, білу керек» деген мәжбүрлік принципімен үйренетіндерге ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін қызықты болуы қажет. Және тек қазақстандықтарға ғана емес.

Біз алғыр да алымды ұлтпыз. Алдымызға нақты мақсат қойып, соған жете алатынымызды дәлелдеуміз керек.

Қазақтар тек қазақ мемлекеттілігінің төңірегіне басқа ұлттарды ұйыстыра алғанда ғана өз жерінде өгейсімейтін болады. Көпұлттылық пен көпмәдениеттілік тек ортақ үйлестіру жүйесі болғанда ғана жемісін береді. Ал Қазақстанда қазақы үйлестіру жүйесі болуы тиіс. Біздің көпұлтты кеңістігіміз абстрактілі математикалық алаңда емес, қазақ жерінде түзілуі керек. Ұлттық негіз жасау - тарихи қажеттілік. Одан қашып құтыла алмайсың. Бүкіл жер жүзінде ұлттық даралану процесі жүріп жатыр. Бельгиядан бастап Тайландқа дейінгі әлем елдерінің көпшілігінде оңшыл ұлтшылдардың мерейі үстем болып жатқаны да содан. Әлем елдері мұны қаперінде ұстап, қорғаныш жүйесін құруы керек. Тенденциямен тайталаса алмайсың. Ол бәрібір дегеніне жетпей қоймайды.

Егер мемлекет ұлттың тілі мен мәдениетін дамытуды басым бағыт етіп алмаса, онда оны толыққанды мемлекет деп атау қиын. Бірақ, бір жағынан мұндай қолдаудың қажеттігін жұрттың бәрі түсінгенімен, бұл - шын жүректен жасалған әрекет емес. Тамырынан қол үзіп, тоқыраудың тұңғиығына кетіп бара жатқан жергілікті ұлтқа не деп кеңес берерсің? Ал оның қасында басқа ұлттар нық сеніммен алға басып бара жатса ше? Әлімжеттіктен зәрезап болған тобырдың бас көтеруі... қазақты күтіп тұрған «жарқын» болашақ осы ма? Елдегі басқа ұлттар да мұндай болашақты армандамайды. Аз ұлттар біздің елде өсіп-өркендеп, дами беруге кепілдік сұрайды. Осы азшылық өзіне жайлы жағдай жасалғанының қайтарымы ретінде мойнына жауапкершілік ала білсе ғана мұндай кепілдікті беруге болады.

Елімізге мәселелердің барлығын жілік-жілігімен боршалап, алдымызға жайып салатын, әр нәрсені өз атымен атайтын ұлттық келісім құжаты қажет.

Оның ең алғашқы да нық қазығы - қазақтың мәдениетіне мойынсұну болуы керек. Жұрт әйтеуір бір Қазақстан деген елде емес, Қазақ елінде тұратынын санасымен түйсінуі тиіс. Бұл «әйтеуір бір аты болуы керек қой» деп, немесе өзгелермен шатастырмас үшін қоя салған ат емес екені ап-айқын болуы керек.

Қазақ тілін еркін меңгере алмағандар автоматты түрде сайлау құқығынан айырылуы тиіс. Әлемнің көптеген елдерінде азаматтық алу үшін алдымен мемлекеттік тілді меңгергеніңді дәлелдеп, емтихан сынағынан өту міндетті. Ешкім де мұны диаспоралардың құқығын шектеу деп, қарсы шықпайды, себебі егер бір елде өмір сүргің келді екен, онда сол мемлекетте қалыптасқан ережелерге бағыну - бұлжымас қағида.

Сөз жоқ, кешегі Кеңес одағы елдері сияқты Қазақстан да бұл ережені енгізу арқылы жай техникалық себептерден бастап, сан түрлі кедергіге тап болатыны анық. Дегенмен, Қазақстанды егемен ел ретінде орнықтырғымыз келді екен, онда мұндай мәселеден қашып құтыла алмайсың, шегіншектеуге жол жоқ. Соңғы нәтижеге деген зор құлшыныс болса, жұртты оқыту, емтихан алу сияқты техникалық мәселелер лезде шешіледі.

Сонымен қатар, қазіргі заманда өзін тағы ретінде сезінбес үшін Қазақстан азаматының әлемдегі ең басты деген тілдерді (орыс, ағылшын, қытай) үйренуіне жағдай жасалуы керек.

Ал мемлекеттік тілді білмеген азамат барлық құқықтарынан айырылмауы керек. Ол тек саяси процестен шет қалады. Елдің тағдырын шешетін, болашағын айқындайтын басты мінберден алшақтайды. Себебі, тілді білмегендіктен, ол өз тағдырын, өз болашағын бұл елмен байланыстырып тұрған жоқ.

Мойындау керек, біздің арамызда 1991 жылы «Қазақстан Республикасының азаматы» деген мәртебені алғанда, қуанудың орнына, мұны үлкен қателік деп санағандар да тіршілік етіп жатыр. Олар өздерін қазақы ортадан алшақ ұстайды және қазақы келбетті қалыптастыруға құлықсыз әрі қауқарсыз. Шындығында, мұндай «бөтендердің» елімізге сіңісіп кетуіне барлық мүмкіндік жасалған. «Біздікі» болуға құлық танытпаса да, бұлар елдің толыққанды азаматтары болып қала береді, тек саяси процестен оқшау қалады. Мәселен, бизнес саласында алалау болмайды.

Қазақстан жаңа жұмыс орындарын ашып, мамандар тартуға, сөйтіп қазіргіден де көп ұлтты қанатының астына алуға әзір.

ХХІ ғасырдағы қазақ идеясы - біз басқалардың жетістігіне қуанамыз. Біз бұған жағдай жасаймыз. Қазақстан талайлардың бақытқа кенелуіне мүмкіндік береді.

Тек бұл бақытқа қазақтардың мүдделерін шетке ысыра отырып қол жеткізуге болмайды. Айталық, «Өнер және технология алқабы» атты алып жобаны қарастырсақ. Бұл жобаға тек бос жатқан дала пайдаланылуы керек. Кез келген жоба қазақ ауылдарына залалын тигізбейтіндей етіп жасалғаны дұрыс. Жергілікті ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан артта қалған аймақтағы нақты бір нысанды (қаланы, ауылды, зауытты, аурухананы) тұрақты қаржыландырып отыруды көздейтін кез келген инвестициялық жобаға ең төменгі салық салынып, мемлекет тарапынан ең көп қолдау болуы керек.

Шетелдіктер біздің ұлттық бизнесте алшаң басып жүр. Бизнестің стратегиялық салаларына өзгелерді квотамен жіберу жүйесін енгізген жөн. Біздің елдің жағдайында қазақтар мен Қазақстанда тұратын халықтар үшін ұлттық пропорционалдық уәкілдік ету тәртібін де енгізуге күш салған жөн сияқты. Белгілі бір салаларда (айталық, жеңіл өнеркәсіпте) басымдылықтарды белгілеп, еркін дамуға жағдай жасай отырып, мемлекет тек өз мүддесі үшін жасалған ойын ережесі бойынша, оның біраз бөлігін өзі үшін сақтап қалуға қақылы, әрі міндетті.

Қазақтар өздерінің көштен қалып бара жатқанын сезінсе ғана бұл әңгіменің мәнісі болады. Өз елінде қол қусырып, қонақтың күйін кешіп отырғанын түсінсе ғана. Әйтпесе, бұл бастаманы мемлекет қолдап, қоғам бірауызды болып жатса да, бұдан бәлендей ештеңе өзгере қоймасы кәдік. Тек ұлтымыздың еңсесін тіктеуге деген нық сеніміміз, ұлттық намыс, жігеріміз болса ғана мақсатқа қол жеткіземіз.

Ең бастысы екі түрлі қасиетті бойға теңдей дарыта білу. Бірінші, бүкіл әлемге есігіміз ашық болса. Екінші, сол әлемде өз дегенімізді істете білсек.

Ұлттық стратегия сараптау орталығының жетекшісі
Әділ Тойғанбаев.


Автор Комментарий
Askhat (не проверено)
Аватар пользователя Askhat.

Сіздің айтып отырған пікіріңіз жаңалық емес. Дұрыс айтпадыңыз демеймін. Жөн сөз айтып отырсыз. Бізге осындай таза ойлар қажет. Осыны айтып зар илеп жүргендер қаншама... Естір құлақ қайда? Бас болып біріге алмай жатқан ұлтшылдар, өзді өзімен күбір күбір, сыбыр сыбыр... Бұлқынып жүрген жас буын бар қазір. Соларға үміт артуымыз керек. Өз елінде өгейдің күйін кешкен қазақ дегенде шыбын жаным сыздайды...

 
Аватар пользователя Erjan.
Сообщений: 376
С нами c 2006-12-27

U kogo dostatochno terpenia i kto sumeet prochitat' etot tekst do kontsa da eshe i kommentarii - eto nastoiashii kazak! NAKTY KAZAK..

 
Аватар пользователя Dauren.
Сообщений: 136
С нами c 2006-11-09

Көпұлттылық біздің әлеуетімізді арттырып, елді дамытуға сеп болып отыр. Дегенмен, оның да теріс жағы бар. Көпұлттылық бізді қаншалық күшейтсе, екінші жағынан соншалық әлсіретеді. Дәл осы көпұлттылықтың кесірінен күндердің бір күнінде қазақ Қазақстанда тұрғанмен, шетелде өмір сүріп жатқандай күй кешуі мүмкін. Тіпті өзін қонақ емес, әлдебір қаңғыбас ретінде сезінуі ықтимал.

Біздің елде қалыптасқан көпұлттылық көбіне репрессиялық жолмен пайда болған. Ол науқан шұғыл түрде жүргізілді, жаңа қазақстандықтарды бұл елге бейімдеудің, сіңістірудің ешқандай механизмі жасалған жоқ. Бұл қарапайым ғана еске салу. Өткенді өзгерту мүмкін емес. Қазір бары - осы. Десе де, оның табиғатын түсіну өте маңызды.

Қазақстанға келгендердің көбі мұндай жаңа отанда ғұмыр кешсем деп армандаған да емес. Мұнда келгенде олар тіпті бұл елдің атауын да білген жоқ. Бұл сезім көшіп келуге мәжбүр болғандардың ұрпақтарына да берілгені рас. Мұндай жолмен күштеп таңылған отанды сүйіп, түсіну оңай емес. Осының бәрін естен шығармаған жөн. Шеттен келгендердің ұрпақтарын өздерін қиялдағы түсініксіз бір елдің азаматы ретінде сезінуіне қарап емес, Қазақстандағы өмірге бейімделуіне қарап бағалаған дұрыс. Осы топтағы Қазақстан азаматтарының көпшілігі азаматтықтан бас тартып, тарихи отандарына - Ресейге, Германияға, Израильге әлдеқашан көшіп кеткен. Қалғандарының біразы мүлде басқа ұстанымға көшті: Қазақстанды өздерінің қасиетті Отаны деп құрметтеудің орнына, мұндағы қалыптасқан ережелерге мойынсұнбай тірлік кешіп жүр. Бір жағынан тарихи отандарына қайтуға да асықпайды, себебі ол елдерде не өмір сүру деңгейі төмен, тағылық жайлаған немесе ұлттық, тектік, діни ерекшеліктеріне байланысты қудалау етек жайған...

Бізге жиырма бірінші ғасырдың қазақ мәдениеті керек. Ол тек қазақтарға, соның ішінде «төл мәдениетіміз ғой, білу керек» деген мәжбүрлік принципімен үйренетіндерге ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін қызықты болуы қажет. Және тек қазақстандықтарға ғана емес.

Біз алғыр да алымды ұлтпыз. Алдымызға нақты мақсат қойып, соған жете алатынымызды дәлелдеуміз керек.

Қазақтар тек қазақ мемлекеттілігінің төңірегіне басқа ұлттарды ұйыстыра алғанда ғана өз жерінде өгейсімейтін болады. Көпұлттылық пен көпмәдениеттілік тек ортақ үйлестіру жүйесі болғанда ғана жемісін береді. Ал Қазақстанда қазақы үйлестіру жүйесі болуы тиіс. Біздің көпұлтты кеңістігіміз абстрактілі математикалық алаңда емес, қазақ жерінде түзілуі керек. Ұлттық негіз жасау - тарихи қажеттілік.